Жақсылық Омар өзіне бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрап, айыппұл салуды өтінді.
Фото: Жақсылық Омар / Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі
ERNUR.KZ. Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп жазады stan.kz.
Бүгін, 3 сәуірде айыпталушы соңғы сөзін айтты. Жақсылық Омар өзіне бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрап, айыппұл салуды өтінді.
Еске салайық, 31 наурызда өткен сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ол ірі көлемде алаяқтық және пара алу деректері бойынша айыпталуда.
“Маған бәрін ой елегінен өткізуге жеткілікті уақыт болды. Ең қиыны – ештеңені кері қайтара алмайтыныңды түсіну. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше, өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністік танытасыздар деп үміттенемін”, – деді Жақсылық Омар соттағы соңғы сөзінде.
Осыдан кейін судья үкім шығарылғанға дейін үзіліс жариялады.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді. Ал облыс әкімдігі оның денсаулығына байланысты еңбек демалысына шыққанын мәлімдеді.


