Қарин қолданыстағы Конституцияда «Сайлау тағайындайды» деген сөздің де заң тіліндегі мағынасына назар аударылғанын айтты.
Фото: видеодан алынған скрин
ERNUR.KZ. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның қазақша редакциясындағы калька ұғымдарды атады, деп жазады inform.kz.
- 1995 жылы қабылданған Конституцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешімдерге жетелейтін терминдер мен тіркестер анықталды. Мысалы, қазіргі Конституцияда «Мемлекеттік Гимн» деп жазылған. Мұны көпшілік «Мемлекеттік Әнұран» деп қолданады. Комиссия мүшелері Конституция жобасына «Мемлекеттік Әнұран» деп енгізуді ұсынды. «Әнұран» – тілімізге әбден енген сөз әрі мағынаны толық береді.
Сол секілді, «әскерилендірілген құрамалар құруға» сөзі «әскерилендірілген жасақтар құруға» деп өзгертілді. «Құрама» сөзі қазір мүлде басқа мағынада қолданылады. «Жасақ» сөзі норманың мәнін толық ашып тұр, - деді ол.
Сондай-ақ, қолданыстағы Конституцияда «Сайлау тағайындайды» деген сөздің де заң тіліндегі мағынасына назар аударылғанын айтты.
- Сайлау тағайындалмайды, дұрысы – «сайлау өткізу туралы шешім қабылданады». Осы жағдай да ескерілді. 1995 жылы қабылданған Ата заңда «азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады» деген сөйлем бар. Калька аударма екені бірден байқалып тұр. Сондықтан, оны «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деп өзгерту ұсынылды.
«Түбегейлі принциптер» деген тіркес «Негіз құраушы қағидаттар» деп алынды. Мұндай мысалдар өте көп. Бәрін айтып шығу мүмкін емес, - деді Ерлан Қарин.


