Егер сіз жарнаны өз бетінше төлеуші болсаңыз, белгіленген үлгі бойынша өтініш толтырасыз.
Фото: Zakon.kz
ERNUR.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жарналар қате немесе артық төленген жағдайда оларды қайтаруға болатынын мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.
Қордың мәліметінше, қате немесе артық есептеліп, аударылған қаражатты қайтаруды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Ол үшін мемлекеттік корпорацияға қағаз түрінде өтініш беру қажет.
Егер сіз жарнаны өз бетінше төлеуші болсаңыз, белгіленген үлгі бойынша өтініш толтырасыз.
Ал өтінішті жұмыс беруші беретін жағдайда, қосымша түрде қызметкердің қаражатты қайтаруға келісімі талап етіледі.
"Мемлекеттік корпорация бөлімшелерінің мекенжайлары мен өтініш үлгілері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында орналастырылған. Өтініш берілген күннен бастап қарау мерзімі – 15 жұмыс күніне дейін", – делінген 16 ақпанда жарияланған хабарламада.
Бас тартудың жиі кездесетін себептері мыналар:
- МӘМС жарналары бойынша алдыңғы кезеңдерге берешектің болуы;
- құжаттарда дұрыс емес мәліметтердің көрсетілуі;
- өтініштің заңнама талаптарына сәйкес келмеуі;
- дербес деректерді өңдеуге келісімнің болмауы.
Бұған дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 18 жасқа толған қазақстандықтарға қандай жағдайда медициналық сақтандыру сақталатыны түсіндірілген болатын.


