Қазақстандықтар әр өңірде қанша адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын күн сайын біліп отыра алады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы вакциналау есептегіші пайда болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Біз 1 сәуірден бастап вакциналау есептегішін іске қосамыз. Президент әкімшілігінің тапсырмасы бар. Өңірлер бойынша күн сайын коронавирус жұқтырғандардың статистикасына ұқсас есептегіш "ілініп тұрады". Ол біздің сайтта орналасады", - деді Цой Алматыда өткен отырыста.
Есептегіш Қазақстанға қанша вакцина түскенін және қанша адам екпе алғанын көрсетеді.
Қазақстанда 2021 жылдың соңына дейіін алты миллион адамды вакциналау жоспарланып отыр.
26 наурыздағы мәлімет бойынша, "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентін алғандар саны – 110 861, екінші компоненті 25 318 адамға егілді.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Қазақстан мен Ресей "Спутник Лайт" бір компонентті вакцинасының миллион дозасын жеткізу туралы уағдаласқанын мәлімдеді.


