Министр Қостанайдағы орман өртінің қасақана қойылғанын растады

0
362

Қостанай облысының прокуратурасы Әулиекөл ауданындағы өртке байланысты 3 қылмыстық іс қозғаған болатын.


Министр Қостанайдағы орман өртінің қасақана қойылғанын растады

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрт бойынша жүріп жатқан тергеу жұмыстарына қатысты түсінік берді. Ол тілсіз жау табиғи фактор әсерінен тұтанды деген нұсқаны жоққа шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз өрт табиғи фактор әсерінен болды деген нұсқаны жоққа шығардық. Өйткені, бұл аймақта найзағай болған жоқ. Көбіне найзағай біраз өрттерге себеп болып жатады. Біздің жедел топ 3 қыркүйекте өрт болған жерге келгенде кезде де, тікұшақтан бақылау барысында да негізгі өрттен 1,5-2 шақырым жерде желге қарсы жанып жатқан өрт ошақтары болды. Онда адами фактордың қатысы болғаны сөзсіз. Сонымен қатар, жақын жердегі дала алқаптары өртенді. Бұл өрт әуелде далалық алқапта басталып, кейін жел епкінімен таралғанын көрсетеді», - деді министр.

Юрий Ильин өрт қасақана қойылды деген нұсқамен келісетінін атап өтті. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қостанай облысының прокуратурасы Әулиекөл ауданындағы өртке байланысты 3 қылмыстық іс қозғаған болатын.

Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, тергеу шаралары барысында бірқатар шенеуніктерден де жауап алынған.