Демографиялық жағдайы нашар өңірлерге астаналықтар да көшіріліп жатыр.
ERNUR.KZ. Оңтүстік тұрғындарымен қоса, елордалықтар да демографиялық ахуалы мүшкіл өңірлерге көшіріліп жатыр. Қаңтардан бері Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 103 отбасы, яғни 600 адам қоныс аударып үлгерген, деп жазады Zakon.kz.
Бұл – тек бастамасы ғана. Жыл соңына дейін бас қаладан Екібастұзға тағы 200-ден аса көпбалалы отбасыны көшіру жоспарланған. Десе де, жаңа өңірге ешкім мәжбүрлі түрде қоныс аудармайды. Бәрі ерікті түрде жүзеге асуы тиіс. Халқы аз аймақтарда адам санын көбейтуге бағытталған мұндай бағдарламалар бойынша биыл елімізде Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан жалпы саны 10 мың адам көшіріледі.
Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламамен қоныс аударғанда отбасының әр мүшесіне 88 мың теңге бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ, үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге 12 ай бойына 77 мың теңгеден төлеу қарастырылған. Тіпті, жаңа тұрғындарды жұмыспен қамтушыларға субсидия бөлінеді. Мұнша жағдай жасалса да, қоныс ұнамаса, тұрғындар кері орала алады. Алайда, көрсетілген қаржылай көмекті мемлекетке қайтарып беруі тиіс.
"Қайтып келіп жатқандар өте аз. Мысалы, солтүстік өңірге көшіп барған азамат сол өңірден, бір ауданнан басқа ауданға көшіп кетсе қайтарылмайды. Ал қайтадан оңтүстік өңірге көшіп кететін болса, ол ақша қайтарылуы қажет, заң бойынша" - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаев.