Бейнебақылау жасаумен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет айналысады.
ERNUR.KZ. Алматының бас санитар дәрігері жаппай жиындарға қатысудың қауіпті екенін ескертті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның пікірінше, митинг, өзге де бұқаралық шаралар ауру ошағы болып саналады. Ал карантин режиміне қарамай, жиындарға қатысқан азаматтардың бәріне видеотүсірілім жүргізледі. Бұл кейін ақпараттарды саралау үшін керек болады. Митингті ұйымдастырушылар індеттің таралуына себепші екені анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Індетті жұқтыру бойынша статистика пандемияның әлі де азаймағанын көрсетеді. Қаланың бас санитар дәрігері ретінде, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқан бұқаралық шаралар мен митингке шақырулардың қауіпті екендігіне назар аударамын. Қалада эпидемия әлі де жалғасып жатқан уақытта адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру барып тұрған жауапсыздық. Өйткені, митингтер жұқтыру ошағы болып табылады. Егер мұндай бұқаралық шаралар індетті жұқтыруға себепші болса, онда митингтерді ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, тіпті қылмыстық іс қозғалады», - деп ескертті Жандарбек Бекшин.
Қалада коронавирус індеті әлі тоқтаған жоқ. Тек өткен тәулікте 49 адам коронавирус жұқтырса, бір аптада 334 адамнан індет анықталып, ауруханаға жатқызылған. Алматыда барлығы 2790 тұрғын COVID-19 дертіне шалдықса, 10 науқас қайтыс болған.
Бекшиннің сөзінше, әлемде бұқаралық шаралар мен митингтерге қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайды. Сондықтан Алматыда қандай да бір мерекелік немесе бұқаралық шараларды өткізуге жол берілмейді.
«Хаттамаға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды тіркеп, видеотүсірілім жүргізеді. Ал тіркеу қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары да жүргізіп, коронавирус таралуының алдын алу үшін қажет», -деді Алматының бас санитар дәрігері.