Мұғалім сыныбындағы оқушылардың артынан жүгіріп, көше шарлап жүрмеуі керек

0
1 434

Бала мектепке кіргенге дейін жауапкершілік ата-анада болады.


Мұғалім сыныбындағы оқушылардың артынан жүгіріп, көше шарлап жүрмеуі керек

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мұғалімдердің құқығын бұзу жағдайлары қандай өңірлерде жиі кездеседі?» деген сұраққа жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, мұғалімдердің құқығын бұзу жағдайлары өңірлердің көбінде кездесіп жатады. Бақылау бойынша комитет мұндай бұзушылықтарға бірден жауап қатуға тырысады. «Педагогтар туралы» заңды қабылдасақ, бізде қаржылық жауапкершілікті жүктей алатындай нақты нормалар болады. Педагогтардың құқығын бұзу жағынан қандай да бір өңір немесе қала «көшбасшы» деп дәл қадап айта алмаймын. Себебі, бүл әділетсіз болады. Әдістемелік тұрғыда да қандай да бір өңірді ажыратып, атай алмаймыз», - деді Білім және ғылым министрі Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Министрдің айтуынша, бала мектепке кіргенге дейін жауапкершілік ата-анада болады.

«Біз бәрін де мектептен талап етпеуіміз керек. Кез келген мұғалім өз сыныбындағы 25 немесе 30 баланы артынан жүгіріп, көшеде жүрмеуі керек. Ол – ата-ананың жауапкершілігі. Ата-ана мектепке алып келіп, мұғалімге тапсыруы тиіс. Қазір біз мектептерде арнайы турникеттер болуын қамтамасыз етіп жатырмыз. Яғни, геонавигация арқылы баланың мектепке кіргенін анықтай аламыз. Қандай да бір оқыс жағдайлар мектеп ішінде, оқу кезінде болып жатса, иә, онда жауапкершілік білім саласында», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді өзіне тән емес қызметке тартқандарға 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынатынын хабарлаған болатын.