Мұғалімдерді "Мектепке жол" акциясына мәжбүрлі түрде қатыстыру дерегі анықталды

0
977

Жалпы "Мектепке жол" шарасын өткізудің тәртібі биыл өзгерген.


Мұғалімдерді

ERNUR.KZ. Елімізде бірқатар мұғалімдерді "Мектепке жол" акциясына мәжбүрлі түрде қатыстыру дерегі анықталған, деп жазады zakon.kz.

"Бұл - заңсыздық. Егер де осындай жағдай болса, ұстаздар бірден ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүгініп, шағымдануы тиіс", - деді Балалар құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Ержан Жиренбай.

Жалпы "Мектепке жол" шарасын өткізудің тәртібі биыл өзгерген.

Білім және ғылым министрлігі "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен уағдаласып, оқушыларға жасалатын көмекті онлайн негізде ұйымдастыруды қолға алған. Яғни, үйіңізде яки жұмысыңызда отырып-ақ порталға кіріп, ақшаңызды аудара аласыз. Қайырымдылық үшін. Үміт Құтыбай сияқты.

"Мектепке жол акциясы бойынша төлем жасау үшін www.atamekenim.kz сайтына кіріп, одан кейін "Мектепке жол" деген жерді таңдаймыз. Одан кейін онлайн аударым дегенді басып,аты-жөніңізді, жібергіңіз келген соманы, және банк картасын толтырамыз. Төлеген соң бірнеше уақыттан кейін мына жердегі тізімге сіздің де аты-жөніңіз шығады" - дейді қала тұрғыны.

Мақсат не? Алдымен онлайн порталда көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады. Көмекке зәру адамдардың көмектен тыс қалмауы қамтамасыз етіледі. Қаражаттың түсуін, қайда жұмсалып жатқандығын онлайн түрде бақылауға болады.

"Портал арқылы көмекке мұқтаж адамдар да өз өтінішін қалдыра алады. Ол өтініш порталда көрініп тұрады. Қандай көмек керек, бәрі көрініп тұрады. Тағы бір ерекшелігі, жаңа тәртіппен ұйымдастырылып отырған акция бір-екі айлық яки науқаншылдық емес" - дейді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Ержан Жиренбай.

Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, игі акция тек қыркүйекке дейін емес, жыл он екі ай бойы жалғаспақ. Яғни, балаңызға мектепке қажетті заттар керек болса, www.atamekenim.kz порталына кіріп, өтініш қалдыра аласыз. Жалпы "Мектепке жол" акциясының жүзеге асырылып келе жатқанына 11 жылдың жүзі болды. Осы уақыттың ішінде ұзын-ырғасы 2 миллион 960 мың оқушыға жалпы құны 20 миллиард теңгенің материалдық көмегі көрсетілген.