Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн дүкен ашылады

0
1 290

Астанада жалпы саны 26 мыңнан астам мүгедек бар.


Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн дүкен ашылады

ERNUR.KZ. Бүгін «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық департаментінің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту бойынша жиын өтті. Кездесуде келер жылдан бастап мүгедек жандарға арналған онлайн дүкен іске қосылатыны белгілі болды, деп жазады Елорда Инфо.

Нұр-Сұлтан қаласында 26714 мүгедек болса, оның ішінде 5540 бала. Елордалық департамент өкілдері қатысушыларды әлеуметтік қорғау саласында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің нәтижелерімен таныстырды, инватакси қызметін көрсету және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету саласындағы кемшіліктерді атап өтті.
Жиын барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ашық портал іске қосылатыны мәлім болды.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен әлеуметтік көмектер порталы іске қосылады. Ең басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға өздеріне керек қызметтерді сапалы әрі тиімді алу. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы үйінде отырып портал арқылы қажет қызмет түрлерін алуына болады. Бұл ашық бәсекеге әрі тауар сапасының артуына алып келеді. Алдағы жылдан бастап техникалық құралдардың 24 түрі, ал екінші жартыжылдығында 31 түрі іске қосылады. Сол сияқты ымдау мамандарының қызметін және санаторлық-курорттық емдеуді де 2020 жылдың екінші жартыжылдығында алуға мүмкіндік қарастырылады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Тәңірбергенова.
Оның айтуынша тауар жеткізушілердің осы порталға тіркелуі міндеттеледі. Ал оларға қойылатын ең басты талап – салық проблемасының болмауы, тауарларының сертификаттары немесе құжаттары болуы шарт. Порталға тіркелгеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі олардың тауарына бағаны өзі белгілейді.
«Егер қызмет алушы өзіне сапасы жоғары әрі қымбаттау тауар алғысы келсе, қосымша ақша қосуы қажет болады. Сол сияқты біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды осы қызметтермен толық қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы да жүзеге асырамыз. Ол тауарлардың арасында мүгедек жандарға арналған арбалар, неше түрлі жаялықтар бар. Яғни порталдағы тауардың бәрі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған», - деді басқарма басшысының орынбасары.
Ол сөз арасында бұл портал әлемдік деңгейдегі интернет дүкендердің тәжірибесіне сүйеніп әзірленіпті.
«Бәрімізге белгілі, әлемдік деңгейдегі Alibaba, Amazon секілді онлайн дүкендер бар. Жұртшылық үшін осы дүкендер арқылы сауда жасау тиімді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ашылғалы отырған әлеуметтік көмектер порталы да осы жүйемен жұмыс істейтін болады. Мүмкіндігі шектеулі жандар өзінің өлшеміне, ыңғайына сәйкес келетін тауарларды таңдап алуына жағдай қарастырылған», - деп түсіндірді Әйгерім Тәңірбергенова.
Сөз соңында мүгедектерге арналған әлеуметтік қызметтер порталын енгізудің артықшылығы техникалық оңалту мен әлеуметтік қызметтерді көрсету мерзімін 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартатын мәлім етті.