​Мьянмада қылмыстық топтардың қолына түскен қазақстандықтар құтқарылды

0
155

11 сәуір күні 2 өзбекстандық, 4 қазақстандық және 7 қырғызстандық азамат Таиландтағы Қазақстан мен Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен отандарына қайтарылды.


​Мьянмада қылмыстық топтардың қолына түскен қазақстандықтар құтқарылды

Фото: Dynio АА

ERNUR.KZ. Таиланд арқылы Мьянмаға алдап жеткізілген және адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың қолына түскен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары үйлестіру шараларының нәтижесінде құтқарылып, елдеріне қайтарылды, деп жазады inform.kz.

«Дунё» агенттігінің мәліметінше, Өзбекстан азаматтары М.С. (2000 ж.т.) және Б.В. (1997 ж.т.) Мьянмада адам саудасының құрбанына айналып, Өзбекстанның Таиландтағы Бас консулдығынан көмек сұраған.

Олардың айтуынша, интернет арқылы жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынылып, ұшақ билеті тегін берілген. Алайда Таиландқа жеткен соң, оларды алдап, заңсыз жолмен Мьянмаға өткізген. Ол жерде қылмыстық топтар оларды алаяқтық колл-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүрлеп, бағынбаған жағдайда күш қолданған және қоқан-лоққы көрсеткен. Бостандыққа шығу үшін ірі көлемде ақша талап етілген.
Ұқсас жағдайға 8 Қырғызстан азаматы мен 4 Қазақстан азаматы да тап болған. Қырғызстанның Таиландтағы дипломатиялық өкілдігі болмағандықтан, Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары Қырғыз тарапының өтініші бойынша көмек көрсеткен.
– Мьянма және Таиландтың құзырлы органдарымен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде аталған елдердің азаматтары босатылып, Таиландтағы Маесот шекаралық бекетінде Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттарына тапсырылды. Олар үшін уақытша баспана мен тамақ ұйымдастырылды, – делінген ресми хабарламада.
11 сәуір күні 2 өзбекстандық, 4 қазақстандық және 7 қырғызстандық азамат Таиландтағы Қазақстан мен Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен отандарына қайтарылды.