Науқасты қарауға барған медбике соққыға жығылды

0
3 177

Қыз бала қалайда сытылып шыққан.


Науқасты қарауға барған медбике соққыға жығылды

сурет: kamprok.ru

ERNUR.KZ. Оралда науқастың үйіне дәрі-дәрмек алып келген медбикені соққыға жықты. 19 қыркүйекте қалалық № 6 емханасының медициналық қызметкеріне шабуыл жасалған, деп жазады Tengrinews.kz.

Емхананың менеджері Флюра Саматованың айтуынша, медбике науқастың халін біліп, қажетті дәрі-дәрмек алып барған. Науқас үйінде болмай шыққан. Алайда көрші үйдің ауласынан бір ер адам шығып, науқас әйелдің өз үйінде жатқанын айтқан. Медициналық қызметкер аулаға кіріп науқасты шақыра бастаған. Алайда оған ешкім жауап бермеген. Осы кезде ер адам медбикені ұстап алып, қылғындыра бастаған. Артынша соққы жұмсап, үйіне сүйреген.

"Қыз бала қалайда сытылып шыққан. Қазіргі уақытта біздің қызметкер емделіп жатыр. Ол шок алған. Жас қыз. Жұмыс істеуге, науқастардың үйіне барудан сескеніп қалған. Басқа да қызметкерлер осы жағдайға байланысты алаңдаулы. Себебі ешкім бұдан сақтандырылмаған. Ендігіде науқастардың үйіне дәрігерлерді жүргізушілермен не ер дәрігерлерді жіберетін боламыз", - дейді Саматова.

Қызға шабуыл жасаған ер адам оның сөмкесі мен телефонын тартып алған. Дәрігерлердің айтуынша, қыздың денесінде соққы іздері мен мойнында қылғындырған із қалған.

Медбике құқық қорғау органдарына арыз жазған. БҚО ІІД баспасөз қызметінің өкілдері кейінірек толық мәлімет беруге уәде берді.