Наурыздағы ҰБТ: 95 адам аудиториядан шығарылды

0
336

Наурыздағы ҰБТ-ны 159 мың адам тапсырды.


Наурыздағы ҰБТ: 95 адам аудиториядан шығарылды

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. 159 мыңнан астам адам наурыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,2%-ы қазақ тілінде, 23,7%-ы орыс тілінде, 124 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп жазады sputnik.kz.
"ҰБТ-да шекті балды 75,5%-ке жуық талапкер жинады. Орташа балл 69 (5 пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 140, оны Алматы облысының талапкері жинады", - делінген хабарламада.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі:
"Биология-Химия" комбинацияларын - 17,3%;
"Математика-Физика" пәндерін - 17,1%;
"Математика-Информатика" - 10,5%;
"Химия-Физика" комбинацияларын – 171 адам тапсырған.
Наурыз ҰБТ-сының қорытындысы бойынша мектеп түлектері "Оқу сауаттылығы" пәнін жоғары деңгейде тапсырған. Орташа есеппен сұрақтардың 77,9%-іне дұрыс жауап берілген.
"ҰБТ өткізу барысында 235 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 85 талапкер смартфон,шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірген. Тестілеу кезінде ереже бұзған 95 адам аудиториядан шығарылды, ал 55 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды" - дейді министрлік.
Талапкер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беру мүмкіндігіне ие. Бұл жолы 22 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның 17-сі қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысы аяқталды, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысты.