​Назарбаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті

0
1 013

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.


​Назарбаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті

ERNUR.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, - деп жазады Ақорда баспасөз қызметі.

"Мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін атқаруын 2019 жылғы 20 наурыздан бастап тоқтатуына байланысты қабылдаған шешімі жөнінде әңгімелесті. Президенттер алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай зор қимастық ниетін білдіріп, Елбасын "осындай маңызды шешім қабылдай білетін ұлы саясаткер әрі Президент" деп атады. Екі ел көшбасшылары алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков те қимастық ниетін білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.

Ал Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаевпен көп жылғы достығын және Қазақстан мен Беларусь арасында орнаған тату-тәтті қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Никол Пашинян Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы өзара табысты ықпалдастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Еске салсақ, 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеді. Ол қазақстандықтарға барлық президент сайлауында қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, халықпен ел азаматы ретінде қалатынын айтты. Енді Мемлекет басшысының міндетін Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады.