Былтыр 124 мың жұптың некесі қиылса, 61 жұп ажырасуға өтінім берген.
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
ERNUR.KZ. Некені бұзған кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшері артады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп жазады inform.kz. — Қазіргі күні жаңа Салық кодексінің жобасы Парламент Сенатында қаралып жатыр. Жобада некені бұзғаны үшін мемлекеттік баж мөлшері 5 АЕК-ке (19 660 теңге) дейін ұлғайтылу қарастырылған. Үкімет дәстүрлі отбасы құндылықтарын ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Отбасы және неке институтын сақтау мен нығайтудың 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Отбасылық келіспеушіліктерді шешудің баламалы тәсілі ретінде өңірлік соттар жанындағы Билер (ақсақалдар) кеңесінің қызметі жандандырылды. Кеңес қоғамдағы ынтымақтастық пен бірлікті насихаттау, жанжалдасу деңгейін төмендету, дауларды шешуде қазақ билерінің тәжірибесін пайдалану, тұрмыстық дауларын сотқа жеткізбей, екі жақты татуластыру жұмысын істейді, — деді Олжас Бектенов жауабында.
Оның дерегінше, аталған кеңестер бірқатар өңірде (Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында) жұмыс істейді. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Жоғарғы сотпен бірге «Бақытты отбасы» жобасын іске асырып жатыр. Жоба аясында психологтар, заңгерлер, медиаторлар және әлеуметтік қызметкерлер кеңестер беріп, медиативті келісімдер жүргізеді.
— Өңірлік әкімдіктер жанында әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар қызмет атқарады. Комиссия құрамына ҮЕҰ, аналар, әкелер кеңесі, өңір белсенділері, кәсіпкерлер және жастар енгізілген. Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді, цифрлық платформасы әзірленді, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, былтыр 124 мың жұптың некесі қиылса, 61 жұп ажырасуға өтінім берген.