Қазақстан астанасы беделді QS көрсеткішіне биыл алғаш кіріп, 92 орыннан көрінді.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары әлемнің үздік студенттік қалалары рейтингіне кірді, деп жазады Azattyq Ruhy.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, британдық беделді Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайынғы QS Best Student Cities 2023 әлемнің үздік студенттік қалалары көрсеткішін жариялады. Тізімге бірден екі қазақстандық мегаполис кірді.
«Қазақстан астанасы беделді QS көрсеткішіне биыл алғаш кіріп, 92 орыннан көрінді. Бұл санатта қала Дарем (АҚШ), Анкара (Түркия) және Кейптаун (ОАР) шаһарларын басып озды. Алматы қаласы да студенттер үшін үздік қала болып 2022 жылы алғаш көрінді», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кету керек, Алматы 105-орыннан 75-орынға бірден аттап, 30 қаланың алдын орап отыр. Осылайша, шаһар Голд-Кост (Австралия), Каир (Египет) және Лестер (Ұлыбритания) қалаларының алдына шықты.
Қалаларды бағалауда бірқатар көрсеткіштер есепке алынады. Олар: студенттік қоғамдастықтың ұлтаралық мінездемесі, өзге мәдениетке деген ұстамдылық, экология, экономикалық өмір көрсеткіші, қауіпсіздік деңгейі және басқалары.
Талаптардың бірі – жоғарғы оқу орындарының QS World University Rankings әлемдік беделді рейтінгіне кіретін кемінде екі университет қалада орналасуы керек.
Естеріңізге салсақ, аталған көрсеткіш бойынша ағымдағы жылы қазақстандық 16 жоғары оқу орны назарға ілінді. Бұл қатарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, С. Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Satbayev University және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар. Соңғысы әлемнің үздік 150 университеті көрсеткішіне кірді.
Best Student Cities-ке 2023 жылы 140 қала кірді. Үздік студенттік қалалардың үштігін Лондон, Мюнхен және Сеул бағындырды.