Данияр Әшімбаев Алматы мен Нұр-Сұлтанда халық парламент сайлауында неліктен белсенділік танытпағанын түсіндірді.
ERNUR.KZ. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев елдің батысында, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан мен Алматыда сайлаушылардың аз дауыс бергеніне қатысты өз ойын айтты, деп жазады sputnik.kz.
Айта кетейік, 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында дауыс беруге тіркелген халықтың 63,3 проценті өз таңдауын жасады.
Сарапшының айтуынша, соңғы рет ондай көрсеткіш 1999 жылы тіркелген болатын. Осы жолы солтүстік және орталық өңірлердің, сондай-ақ, Алматы және Қызылорда облыстарының белсенділігі жоғары болса, батыс жақта, Нұр-Сұлтан мен Алматыда сайлаушылар өте аз дауыс берген.
"Сайлаушылар неге аз келді? Меніңше, мәселе байкотта емес, электораттың бір бөлігінде карантин шаралары мен экономикалық проблемалардан кейін селқостық күшейіп кетті. Сосын партиялар үгіт-насихат кезінде бәрін қамти алмаған сияқты. Ал мегаполистерде жағдай қиын. Қала билігінің жұмысына қатысты көптен бері оң пікір ешкім айтылмады. Сол себепті сайлаушылардың аз келгені әкімдерге көп нәрсені аңғартуы тиіс", - дейді саясаттанушы.
Сарапшының ойынша, сайлау процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бірнеше адамды айналдырып кіргізу, бюллетендерді тастай салу, заңсыз үгіт-насихат сияқты тәртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ. Арандатушылық әрекеттер байқалмады. Саясаттанушы Трамптың аты жазылған бюллетенді де еске алды.
"Наразылық акцияларына шыққандар болды. Бірақ олардың неге қарсы болғанын толығымен түсіну қиын. Егер баламаның жоқтығына қарсы болса, онда өз партиясын құрып, сайлауға қатыспай ма?" – дейді Әшімбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны бойынша алдын ала қорытындыны жариялаған болатын. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған жедел деректерге сәйкес, 10 қаңтар сағат 22.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 63,3 проценті дауыс берді.
Өңірлер арасында:
- Ақмола облысы – 72,8 %,
- Ақтөбе облысы – 58,8%,
- Алматы облысы – 73,5%,
- Атырау облысы – 56,4%,
- Батыс Қазақстан облысы – 62,4 %,
- Жамбыл облысы – 72,2%,
- Қарағанды облысы – 70,7%,
- Қостанай облысы – 71,8%,
- Қызылорда облысы – 73,9%,
- Маңғыстау облысы – 55%,
- Павлодар облысы – 71,3 %,
- Солтүстік Қазақстан облысы – 75,5%,
- Түркістан облысы – 65,8 %,
- Шығыс Қазақстан облысы – 72,4%,
- Алматы қаласы – 30,3%,
- Шымкент қаласы – 56,5 %,
- Нұр-Сұлтан қаласы – 45,1%.