Нұр-Сұлтанда "Астана LRT" ісі бойынша сот үкімі шықты

0
457

​Өткен жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен LRT-ның міндетте түрде аяқталатынын айтқан. Ал биылғы наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.


Нұр-Сұлтанда

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық іс елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жеті бойы қаралды. Алғашқы отырыс 2020 жыдың қазан айында өткен болатын. Сот алдында жеті адам жауап берді.

Судья Қажымұқан Мекемтас сот үкімін жариялады. Оған сәйкес:

  • жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов – 10 жылға;
  • қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, "НұрТрейд" ЖШС ("Астана LRT"-ның қосалқы мердігері) бұрынғы директоры Улугбек Ачилов, мердігердің өкілдері Тимур Қасабаев, Дәурен Әбдіхамитов 8 жылға сотталды;
  • ал "Astana Innovations" АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім мен мердігердің тағы бір өкілі Дулат Мусенов 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты.

Рашид Жақсылықов қауіпсіздік деңгейі жоғары колонияға жіберілсе, қалғандары қауіпсіздік деңгейі орташа түрмеде жазасын өтейді. Оларды сот кезінде қамауда ұстау мерзімі де ескеріледі.

Сондай-ақ, судья "City Transportation Systems" ЖШС (бұрынғы "Астана LRT" ЖШС) 5 миллиард 833 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық шағымды қанағаттандырды. Оны Аманжолов, Ачилов, Нұрпейісов, Әшім, Қасабаев, Мүсенов пен Әбдіхамитовтан бөлек қылмыстық жазадан босатылған Сванбаев, Арапбаев пен Ақбаева төлеп беруі тиіс.

Прокурор қандай жазаны талап етті

17 мамырда өткен сот отырысында прокурор Диас Янгалышев күдіктілерді 7-11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Атап айтқанда, Рашид Аманжоловты мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, 11 жылға қауіпсіздік деңгейі жоғары колонияға жіберуді сұрады. Жанат Нұрпейісовтің мүлкін тәркілеп қана қоймай, бес жылдың ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салып, 9 жылға қауіпсіздік деңгейі орташа колонияға отырғызуға сұрау салынды. Бұдан бөлек, прокурор оны "Құрмет" орденінен айыру қажет деп санайды.

Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы Талғат Әшімді – 8 жылға, Улугбек Ачиловты – 11 жылға, Тимур Қасабаевты – 8 жылға, Дулат Мусеновты – 7 жылға, ал Дәурен Әбдіхамитовты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурор 5 миллиард теңге көлеміндегі материалдық шығынды және 4 миллион теңгенің процессуалдық шығынын өндіріп алуды талап етті.

Астана LRT соты

LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2020 жылы 29 қазанда өтті. Жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталды. Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан.

Атышулы LRT

2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан "Астана банкінде" тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.

2020 жылы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен LRT-ның міндетте түрде аяқталатынын айтты. Қазіргі кезде жергілікті билік инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.