Нұр-Сұлтандықтардың суға қарызы миллиард теңгеге жуықтаған

0
902

Суға қарызы 2 миллион теңгеден асқан тұрғын иесіне хабарласып шақыра бастады.


Нұр-Сұлтандықтардың суға қарызы миллиард теңгеге жуықтаған

ERNUR.KZ. Бұл туралы «Астана су арнасы» компаниясы мәлімдеді. Берешегі көйбегендер қатарында - құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлер де бар. Коммуналдық сала қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны алу үшін су мен кәріз жүйесінен ажырату жазасын қолдана бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жатақхананың коменданты бүгін тексерушілерді күтпесе керек. Суға қарызы 2 миллион теңгеден асқан тұрғын иесіне хабарласып шақыра бастады. Мұнда барлығы жүзге жуық пәтер жалдаушылар тұрады.

«Уақтылы төлемейді, сол себепті, бүгін біз қосқабатты үйді сумен қамтамасыз ету жүйесінен ажыраттық», – дейді «Астана су арнасы» компаниясының технигі Күлше Сайфулина.

Қосқабатты жер үйдің иесі де суды пайдаланған үшін ақысын төлеуге асығар емес. Коммуналдық сала қызметкерлері бірнеше мәрте үйді судан ажыратқан. Алайда заң бұзушыға бұл шара әсер етпеген көрінеді. Берешегі 180 мыңнан асып кеткен.

Ревизорлар көбіне адамдар үйлерінде болмайды немесе есікті қасақана ашпайды, дейді. Ал жазбаша жіберілген ескертуді тіпті елемейді екен. Үй иелері тарапынан ешқандай әрекет болмаған соң суды бұғаттауға тура келеді.

«Біз кассалық аппаратты тұрғындардың ыңғайы үшін алып жүреміз. Бір жерден екінші жерге барып жүрмей, бірден бізге төлеу үшін. Алайда қарызға белшесінен батқандар бұл мүмкіндікті де пайдаланбайды», – дейді «Астана су арнасы» компаниясының бақылаушысы Әйгерім Боранбаева.

Елордада су мен кәрізді тұтынушылардың жалпы қарызы миллаирд теңгеден асқан. Оның жарты миллионға жуығы банкротқа ұшыраған құрылыс компаниялары мен мекемелерге тиесілі. Ал жеке тұлғалардың берешегі 300 миллион теңгеге жеткен.

«Шатыр арқылы арнайы құрылғымен кәріз жүйесін толық жабамыз. Сосын пәтер ішінде тұтынушы суды қолдана алмайды. Өйткені су ақпай тұрып қалады», – дейді «Астана су арнасы» компаниясының абоненттік учаске бастығы Татьяна Стрельченко.

Мамандар қарызды бірден өнідіріп алу мүмкін еместігін айтады. Алайда, борышкерлердің ұяты оянбағанша елордада бұл рейд жалғаса бермек.