Ваучерлік қаржыландыруға Астана қаласынан 670 балабақша қатысуда, бүгінде берілген ваучерлер саны 25 мыңнан асты.
фото: ortcom.kz.
ERNUR.KZ. Қазақстанның мектепке дейінгі ұйымдарында ваучерлік қаржыландыруды енгізу қарқынды жалғасуда. 2025 жылдың басынан бұл жүйеге елордалық мектепке дейінгі ұйымдар да қосыла бастады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Ваучерлік қаржыландыруға Астана қаласынан 670 балабақша қатысуда, бүгінде берілген ваучерлер саны 25 мыңнан асты. Айта кету керек, ваучерлік қаржыландыру сондай-ақ Тараз, Түркістан, Орал және Шымкент қалаларында енгізілді. Түркістан, Орал, Тараз сияқты бірқатар қалаларда жаңа жүйенің арқасында 2 жастан асқан балалардың кезегі толықтай жойылды.
Бұл механизм мектепке дейінгі ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырысты ашық және тиімді бөлуге бағытталған. Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтары - балабақшалар арасындағы шынайы бәсекелестік арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру, ата-аналарға білім беру мекемесін таңдау құқығын беру, қаржыландыру мен бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы.
«Негізгі жетістіктердің бірі кезекті заңсыз жылжытудың жойылуы, өйткені ваучерлерді алудың электрондық кезегі тең жағдайларды қамтамасыз етеді және тек қана алға жылжиды. Жүйе ең алдымен, «ақша балаға беріледі» қағидаты арқылы қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қаражатты есептеу және аудару ата-аналар балабақшаға бару табеліндегі мәліметтерді растағаннан кейін ғана жүргізіледі», – дейді мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова.
Болашақта мектепке дейінгі білім беру саласында ашық әрі бәсекеге қабілетті жүйе құра отырып, ваучерлік қаржыландыруды басқа аймақтарға да енгізу жоспарлануда.