Оралда тұрғындар тарақанға себетін дәріден уланып қалды

0
524

Ауруханаға шұғыл жатқызылған 5 адамның көмейін күйдіргені анықталды


Оралда тұрғындар тарақанға себетін дәріден уланып қалды

ERNUR.KZ. Орал қаласында тұрғындар тарақанның дәрісінен уланып қалды. Зиянды препараттан зардап шегіп, көмейін күйдірген 5 азамат жедел жәрдемге жүгінген, деп жазады sputnik.kz.

Мамандар "келешекте осындай оқиғалар қайталанбас үшін улау жұмыстарымен айналысатын ұйымдарды қадағалау қажет" дейді. Дезинфекциялық препараттардың сатылымын шектеу керек.

Вокзал тұйығы көшесіндегі мына 5 қабатты үйден жедел жәрдемге қоңырау түн ортасында түскен. Тұрғындар белгісіз иістен уланып қалғандарын хабарлапты. Ауруханаға шұғыл жатқызылған 5 адамның көмейін күйдіргені анықталып, тиісті көмектен кейін келесі күні үйден емделуге жіберілген.

"5 жасар қызым әдетте ерте жатпайтын еді. Сол күні өз-өзінен әлсіреп, ұйқысы келді. Өзімнің де құлағым шуылдап, күдіктене бастадым. Сөйткенше болған жоқ есік қақты ғой. Дәрігерлер екен, "улы зат тарап жатыр, тез шығыңдар", - деп келіп тұрған. Содан аулада тексерілген соң, ауруханаға алып кетті. Мен де, қызым да көмейімізді күйдіріппіз. Әлі өз-өзіме келе алмай жүрмін", - дейді тұрғын Надежда Швакова.
Тұрғындардың улануына 2 қабаттағы көршісі кінәлі болып шықты. Түнгі 11-де тарақандарға соғыс ашқан сабазың түтін салатын препарат қолданған. Улы дәріні шекараның ар жағынан интернет дүкен арқылы тапсырыспен алдырыпты. Жалпы мұндай препараттың қауіптілігі 2-класқа жатады. Ал тұрғындар өздіктерінен 3-4 класты препараттарды ғана қолдануға болатын көрінеді. Онда да көршілерін ескертіп, барлық сақтық шараларын ұмытпауы керек.
"Халыққа айтарымыз егер де үйлерді белгісіз затпен улауға жол берілмейді. Бұл жұмысты атқару үшін белгілі бір лицензиясы бар арнайы мекемеге жүгінуіңізді сұраймыз. Себебі осындай мекемелерде арнайы приборлар, оқытылған мамандар, жеке қорғаныс құралдары болады", - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева.
Бұрын дезинфекциялық-дератизациялық жұмыспен айналысатын мекемелер эпидемиялық мәні болмашы нысандар қатарында болғасын, облыстық тазалық-індет басқармасына хабарлама жіберумен шектелетін. Алайда соңғы жылдары осындай оқыс оқиғалар жиілеп кетуіне байланысты құқықтық-нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізіліп, енді бұл ұйымдардың қызметі лицензиялануы тиіс.
"2024 жылдың шілдесінен басталады лицензиялау. Оған жарты жыл беріледі. Бұл дұрыс деп санаймын. Себебі қазір телефонмен тапсырыс қабылдап, уды базардан сатып алып, ешқандай арнайы оқусыз осы қызметпен айналысатындар көбейіп кетті. Бірақ қауіп бұнымен сейілмейді. Біздерде 1-2 класты дезинфекциялық зиянды препараттар еркін сатылып жатыр. Соған шектеу қою керек", - дейді дезинфекциялаушы мекеме директоры Юлия Майер.
Айта кетерлігі, өңірде химиялық затпен уланған осындай оқыс оқиға бірінші рет тіркеліпті. Мамандар мұндай жағдайды болашақта болдырмау үшін пәтерлерде дезинсекция, дератизация және дезинфекция шараларын өздіктерінен жүргізбеуді, білікті мамандардың кеңесіне жүгінуді сұрайды.