Өскемен шенеуніктері тұрғындардың өз қаражатымен төсеген жолын сатып жіберген

0
423

Наразылардың айтуына қарағанда, су да, көше жарығы да, интернетте атымен жоқ. Енді жалғыз жолдан да айырылып отыр.


Өскемен шенеуніктері тұрғындардың өз қаражатымен төсеген жолын сатып жіберген

ERNUR.KZ. Өскемендегі бір шағын аудан тұрғындарының мазасы қашты. Тіршіліктің тіреуі болған жалғыз жолдарынан айырылыпты, деп жазады Stan.kz.

Азаматтардың айтуынша, жергілікті биліктегілер жеке меншік иесіне жол өтетін жер учаскесін сатқан. Бұл жол тұрғындардың үйіне апаратын жалғыз соқпақ. Ең қызығы, атқамінерлер еш шімірікпестен өткізіп жіберген жолды тұрғындар өз қаржысына салдырған. Билік тарапынан көмек болмапты. Жер телімінің жаңа егесі енді сол маңда зәулім үй салмақ.

Наразылардың айтуына қарағанда, су да, көше жарығы да, интернетте атымен жоқ. Енді жалғыз жолдан да айырылып отыр.

“Бұдан басқа кірме жол жоқ. Міне, жуырда өрт болды, жолдың жоқтығынан еш әрекет ете алмадық. Жедел жәрдем шақырайын десек келе алмайтын болды. Таксимен келетін болсаң, жарты жолда қалдырады, сатып жіберген учаскені айналып өтуге мәжбүрміз”, – деп қынжылды қала тұрғыны Надежда Борисова.

Тұрғындар жер телімінің қашан сатылып кеткенінен бейхабар. Құзырлы органдардың әрекетсіздігіне қынжылады. Осылайша 12 отбасы қаланың екінші бөлігіне емін-еркін өтуден қалыпты.

Ал Өскемендегі Жер қатынастары бөлімінде даулы жер телімінің тоғыз жыл бұрын сатылып кеткенін мәлімдеді. Құжат бойынша заң талаптары сақталған. Тіпті басқа кірме жолдардың бары екені де дәлелденіпті.

“Қазіргі уақытта жер телімінің иесімен келіссөздер жүріп жатыр. Егер кірме жолда кедергі бар болса, онда жер телімінің орналасуын өзгерту бойынша иесімен сөйлесеміз. Қайткен күнде де аталмыш шағын аудан тұрғындары жолсыз қалмайды”, –дейді Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Руслан Әмірбаев.

Ал су, интернет пен жарық мәселесі бойынша әкімдік аудан шағын тұрғындарымен кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз деп уәде етті.