Баланың бас сүйегі жараланып, жіліншігі сынып кеткен.
ERNUR.KZ. Өскемен қаласында 4 қабаттағы терезеден құлап кеткен 14 жастағы жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады inform.kz.
Оқиға 12 желтоқсан күні кешкі уақытта қаладағы Назарбаев даңғылында болған. Көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы терезеден жасөспірім құлап кеткен.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 14 жастағы жасөспірімді шұғыл түрде жедел жәрдем қызметкерлері Ана мен бала орталығына жеткізді. Қазіргі уақытта ол ауруханаға жатқызылған.
«Баланың бас сүйегі жараланып, жіліншігі сынып кеткен. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Әзірге баланың қалай құлап кеткені белгісіз. Оқиғаға қатысты Полиция департаменті ақпарат берген жоқ.