Өскеменде белгілі спортшыны атып кеткен ер адам 13 жылға түрмеге қамалды

0
345

Эльер Юнусметовті белгісіз біреу подъез алдында шолақ мылтықпен атып кеткен.


Өскеменде белгілі спортшыны атып кеткен ер адам 13 жылға түрмеге қамалды

ERNUR.KZ. Өскемен қаласында ережесіз жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Эльер Юнусметовті атып кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады inform.kz.

Оқиға осы жылдың 13 қаңтарында қаладағы Қазақстан көшесінде болған. ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Эльер Юнусметовті белгісіз біреу подъез алдында шолақ мылтықпен атып кеткен. Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні Абай даңғылында келе жатқан жерінен ұстады.

Осыған байланысты сот ісі Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

«Айыпталушы ҚР ҚК-нің 99-бабымен (Адам өлтіру) кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған тағы бір сотталушы 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.