Ер адам дүкеннің алдында бір сағаттай отырған.
фото: Ulysmedia.kz.
ERNUR.KZ. Өскеменде ер адам дүкеннің алдында отырып жан тапсырды, өткен-кеткендер оған көмек көрсетпеген, деп жазады ulysmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам дүкеннің алдында бір сағаттай отырған. Бастапқыда қимылдап, өткен-кеткеннен көмек сұрағандай болған. Бірақ оған ешкім көңіл бөлмеген. Тіпті, дүкен қызметкерлері де назар аудармаған. Дегенмен көптің ішінен бір қайырымды жан табылып, көмек көрсетуге тырысқанда бәрі кеш болды.
Дүкенге кіріп бара жатсақ дәл есіктің алдында біреу отыр, қимылдамайды. Көмек көрсетпек болып едік, міне ғана жан тапсырыпты. Денесі әлі жылы болды, көзінің қарашығы үлкейіп кетіпті, жүрегі соғысы сезілмеді, – деді жергілікті dosym_oskemen паблигіне куәгерлердің бірі.
Ол дереу полиция мен жедел жердемге қоңырау шалған. Бірақ жедел жәрдем келе қоймаған соң өтіп бара жатқан медицина көлігін тоқтатып, көмек сұраған.
Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, ол бір сағаттай отырып қалған. Басында демалып, қимылдап отырған. Өкініштісі, оған ешкім қол ұшын бермеген, – деп қосты куәгер.
Оқиға орнына келген дәрігерлер ер азаматтың көз жұмғанын растады. Ал неден қайтыс болғанын сот-медициналық сараптама анықтайды.