Өскеменде ер адам әйелі мен туған балаларын көшеге қуып шыққан

0
817

Амалы таусылған келіншек әлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрады.


Өскеменде ер адам әйелі мен туған балаларын көшеге қуып шыққан

ERNUR.KZ. Өскеменде ер адам әйелі мен туған балаларын киім-кешектерімен қоса, көшеге қуып шыққан. Әйел адамға қалалық полиция басқармасының қызметкерлері көмектесті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Амалы таусылған әйел өзінің қиын жағдайы туралы Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жазған. Көпшілік оған жанашырлық танытқанмен, көмектесе алмаған. Тек құқық қорғау қызметкерлері ғана 8 жыл бірге тұрған күйеуінен қорлық көрген әйелге қолұшын созды.

«Маған күйеуім мен ата-анасы қатты қысым көрсетті. Күйеуім үнемі қорлық сөздер айтып, бәріне мені кінәлайтын. Ауырып қалса да, жұмысында проблема болса да кінәлі едім. Уақыт өте келе, мен де өзімді бақытсыздық әкелетін адам ретінде сезіне бастадым», - деп жазған келіншек.

Келіншек ұлы мен қызының өмірге келуі күйеуінің өзіне деген қарым-қатынасын өзгертеді деп сенген.

«Ұлымның өмірге келгеніне күйеуім қатты қуанды. Кейіннен жұмыстан кеш келіп, біраз уақыттан кейін үйге келмейтінді шығарды. Мен қанша кетпек болсам да «бәрі өзгереді» деп уәде беріп, алып қалатын. Қызым өмірге келген соң, жағдай одан әрі ушықты. Үнемі ұрыстан көз ашпайтынымыз аздай, ол мені ұра бастады. Ақыр соңы үйден қуып шықты»,-деді ол.

Жақында ішімдік ішіп келген ер адам үйде дау шығарып, балалары мен әйелінің заттарын далаға лақтырып, өздерін үйден қуып жіберген. Балаларымен құрбысының үйінде түнеген келіншек желіде көпшіліктен көмек сұраған. Осы жағдайдан кейін онымен байланысқа полиция өкілдері шығып, уақытша тұратын баспана тауып берген. Қазіргі таңда балалардың да, әйелдің де жағдайы жақсы.