Өскеменде ер адам күшікті бесінші қабаттан лақтырып жіберген

0
135


Өскеменде ер адам күшікті бесінші қабаттан лақтырып жіберген

Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Өскемен қаласында ер адам пәтерде дәрет сындырғаны үшін лабрадор тұқымдас күшікті көпқабатты үйдің бесінші қабатынан лақтырып жіберген. Жантүршігерлік оқиға туралы кеше облыс орталығындағы "Досым" жануарларды оңалту орталығы хабарлады, деп жазады Stan.kz.

Новаторов көшесінің тұрғыны лабрадор күшігін терезеден лақтырған. Ер адамның өз айтуынша, иттің үйде үнемі кіші дәретке отырғаны оны мезі еткен.

"Жануар жүйелі түрде соққыға жығылған болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Көршілер өз өмірлерін қатерге тігіп, күшікті алып шығып, шұғыл түрде ветеринарлық клиникаға жеткізді. Алайда жансақтау бөлімінде күшік өліп қалды. Бұл жалғыз жағдай емес. Аталған адамның өз сөзінше, бұған дейін де оның иттері болған, оларды да өзі өлтірген. Сондай-ақ таныстарымен бірге ит етін жиі жейтінін ашық айтқан. Волонтерлер мен көршілерге пышақпен қоқан-лоққы көрсеткен. Суық қарумен еркін жүріп-тұрады. Бұл деректердің барлығы бейнежазбада тіркелген. Болған оқиға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігі – “Жануарларға қатыгездік көрсету, олардың өліміне әкеп соққан әрекет” бойынша сараланады", – делінген Жануарларды оңалту орталығының ресми парақшасында.

Зооқорғаушылар бұл адамның әрекеті тек жануарлардың өміріне ғана емес, жалпы қоғамға да қауіп төндіретінін айтып отыр.

Ол ашық түрде агрессия танытып, адамдарға пышақпен сес көрсеткен. Тұрғындар кінәліні мәжбүрлі сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптамаға жіберуді, заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды және әлеуетті қауіпті тұлға ретінде қоғамнан оқшаулауды талап етуде.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Пікір қалдырушылар мұндай адамдармен бір қалада өмір сүрудің өзі қорқынышты екенін жазуда. Полиция бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті.