Сабақ кезінде бөлмені дезинфекциялауға арналған кварц шамы қосылып тұрған.
ERNUR.KZ. Өскемендегі мектептердің бірінде оқитын оқушылар көз қабығының күйіп қалуымен ауруханаға түскен. Сыныптардың бірінде сабақ кезінде бөлмені дезинфекциялауға арналған кварц шамы қосылып тұрғаны анықталды, деп жазады Stan.kz.
Noks.kz порталына шағым жасаған ата-аналардың айтуынша дезинфекциялаушы кварц шамы балалар отырған сыныпта бірнеше дәріс өткен уақыт бойына жанып тұрған. Осыдан кейін олардың кейбіреулерінің көздерінде қышу мен күйік пайда болғандықтан ауруханаға баруға тура келген.
Оқушылардың бірінің анасы оқушыларға сабақ өткен алты мұғалімнің бірде бірінің бұған назар аудармағанына наразы екенін жеткізді.
"Бұл нағыз сорақылық. Менің балам орнынан тұра алмай жатыр, жарыққа мүлдем қарай алмайды. Беті мен тамағы ісіп кеткен" ,- деп тағы бір ата-ана шағымын жеткізді.
Окулисттер мектеп оқушыларының бәріне бірдей екі көзінде электрофтальмия (ультракүлгін сәуленің әсерінен күю) диагнозын қойған.
Мектеп директоры Елена Саакян мектеп қабырғасында орын алған жағдаймен айналысып жатқанын жеткізді. Саакян барлық оқушылар мен мұғалімдер бұл қондырғылармен қалай жұмыс жасау туралы нұсқаулықпен таныстырылғанын айтады. Директордың айтуынша, сыныптарды кварцтау бас санитарлық дәрігердің қаулысымен белгіленеді, онда сыныптарда ауаны дезинфекциялауды кез келген тәсілмен жүргізу керек делінген.
"Бұл кварц шамымен немесе рециркулятор көмегімен дезинфекциялау болуы мүмкін. Аталған шараны ұйымдастыру қаржы мәселесіне келіп тірелетіндіктен және сыныптар көп болғандықтан екі жыл ішінде біз арзанырақ түсетін кварц шамдарының белгілі бір санын сатып алдық. Өз қалтамыздан қаржы шығарып рециркуляторларды да қоса алдық. Қазір біз балалар сыныпта болған уақытта бұл шамды кім қосулы қалдырғанын анықтап жатырмыз" ,- деді директор.
Директор сыныпта жиі ұзақ уақытқа қалатын жоғары сынып оқушылары бұл шамды қосуы мүмкін екенін де топшылады.
"Сабақ жүріп жатқандықтан бұл шамды кімнің қосулы қалдырғанын анықтау қиынға соғады. Орын алған оқиғаға шын кінәліні табады деп үміттенемін. Біз зардап шеккен балалар мен олардың ата-анасынан шын жүректен кешірім сұраймыз" ,- деп қосып өтті Елена Саакян.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін орын алған жағдай бір жарым сағат ішінде шешілді. №17 мектеп басшылығы 2 қыркүйекте сабақ кезінде көздерін күйік шалған оқушылардың ата-аналарымен кездесті.
Директор Саакян өзінің және осы кабинетке жауапты сынып жетекшісінің балаларға емделу ақысын толық төлейтініне уәде берді.
"Біз кварц шамын кім қосулы қалдырғанын анықтай алмадық. Сонымен қатар, тиісінше бақылау орната алмағанымызды мойындаймыз" ,- деп атап өтті ол.
Бұндай жағдай қайталанбас үшін мектепте сақтық шаралары қайта ұйымдастырылды. Кварц шамдары қолданылатын сыныптарға бастауыш сынып оқушылары көшірілді. Себебі, сыныпта шамдарды қосу құрылғылары жоғарыда орналасқандықтан оқушылардың бойлары жете қоймайды. Оның үстіне бастауыш сынып мұғалімдері оқушыларды әрқашан бақылауда ұстап отырады.