Құтқарушылар келіп жеткенше 3 адам өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген.
ERNUR.KZ. Өскемен қаласында өрттен денесін күйік шалған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды, деп жазады ҚазАқпарат.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 тамызда түнгі сағат 03.00 шамасында Өскемендегі Петропавл көшесінде орналасқан жер үйде өрт шыққан. Оқиға орнына құтқарушылар келіп жеткенде қызыл жалын үйдің шатырын шарпып жатты. 3 адам өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген.
«Тілсіз жаудың жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады. Өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 18 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Үй иесінің денесін күйік шалған. Қазіргі уақытта әйел аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды», - делінген ақпаратта.
Алдын ала мәлімет бойынша оттың шығуына – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін.