ERNUR.KZ. Өскемен қаласындағы Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы жылу магистралінде құбыр жарылып, үйлер жылусыз қалды, деп жазады kaz.inform.kz.
Ықшам аудандағы Драма театры мен «Ертіс сити» тұрғын үй кешені аумақтарында диаметрі 630 мм жылу магистралінде ақау шығып, соның салдарынан жылу беру тоқтатылған.
«Шығыс Жылу» АҚ мамандары ақау орнын анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
«Мамандар мен техника сол жерже жұмыс істеп жатыр. Ақау шыққан орынды анықтауда қиындықтар болды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жылу беріледі. Түсіністік танытқаны үшін тұрғындарға алғыс айтып, сабыр сақтауды сұраймыз. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында», - деді ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.