​Өскемендік өртенген үйден екі баланы құтқарды

0
1 133

Үйдің көршісі Михаил Рыболов өрт сөндірушілерді күтпестен, екі баланы құтқаруға ұмтылған.


​Өскемендік өртенген үйден екі баланы құтқарды

ERNUR.KZ. Өскемен тұрғыны Михаил Рыболов өрттің құрбаны бола жаздаған екі баланы құтқарып қалды, деп жазады ҚазАқпарат ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Склярға сілтеме жасап.

«Танысып қойыңыздар, мына суреттегі жігіт күні кеше өрттің тұтқынында қалған екі баланы құтқарып алды. Оқиғаға куә болған Михаил лаулаған өрт пен түтінге қарамай, баспалдақпен екінші қабаттың терезесі арқылы үйге еніп, екі баланы сыртқа алып шыққан», - деп хабарлайды Анастасия Скляр Фейсбук парақшасында.

Белгілі болғандай, оқыс оқиға 25 қарашада Өскемен қаласының «Восточник-6» саяжайындағы Арсеньев көшесінде тіркелген. Жеке тұрғын үйдің шатырын тілсіз жау шарпып, көршілер бірден өрт сөндіру қызметіне хабар берген. Алайда аталмыш үйдің көршісі Михаил Рыболов өрт сөндірушілерді күтпестен, екі баланы құтқаруға ұмтылған.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жарты сағаттың ішінде тілсіз жауды ауыздықтады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.