Қаржыңды өзге мемлекеттерден келген өнімдерді сатып алуға жұмсасаң, сол елдердің экономикасының өркендеуіне жұмыс істейсің. Сондықтан, қажетті тауарлардың өз еліңде шығып, өз еліңнің әжетіне жарауы үлкен қуаныш.
ERNUR.KZ. Жақында Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Алмагүл Төленова кафель жабыстыруға арналған желім шығаратын шағын цехты іске қосты, деп жазады egemen.kz.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 3,5 млн теңге жеңілдетілген несие алған іскер келіншек құрылысқа арналған желімге түрлі қоспалар қосып, 25 килолық қаптамамен саудаға шығарды.
– Тұрақты тұтынушылар көп болуы үшін өнімнің сапасы жоғары, бағасы тиімді болуы керек. Қазір біз осы мақсатта еңбектеніп жатырмыз. Өніміміздің бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Біз бұл істі табысты жүргізетінімізге сенімдіміз. Тек Қазалы өңірін қамтамасыз етіп қоймай, облысымыздың өзге аудандарын да қамтысақ деген ойдамыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Қазақта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сөз бар. Цехқа қажетті қондырғы, құрал-жабдықтарды Шымкент қаласынан алдырған кәсіпкер цех жұмысын жүргізетін мамандарды да сол қаладан шақыртқан екен. Шырайлы Шымкенттен келген шеберлер ауылдың талапты жастарын осы іске үйретіп жатыр.
Діттеген шаруасын орайына келтірген кәсіпкер үй сыртын әрлейтін сәнді сылақ түрін де дайындайды.