Өзбек полициясы қазақстандық туристерге электрошокер қолданған – видео

0
526

​Көрші елдің ішкі істер органдары полицияның кәсіби этика нормаларын өрескел бұзғанын мәлімдеді. Олар қызмет бабын теріс пайдаланған.


Өзбек полициясы қазақстандық туристерге электрошокер қолданған – видео

ERNUR.KZ. Самарқан қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлері қазақстандық туристерді тоқтатып, құжат көрсетуді талап еткен. Артынан жанжал шыққан. Сол кезде полицейлер электрошокер қолданған. Өзбекстанның ішкі істер министрлігі қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Жәбірленушілердің бірі оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Самарқан қаласына Қазақстаннан үш турист барған, тағы біреуі Ташкенттен ұшып келіпті. Барлығы түнгі сағат 3:30-дың шамасында клубтан шығып, такси күтіп тұрған. Осы кезде екі полицей келіп, алдымен құжат көрсетуді талап еткен. Одан кейін бөлімшеге бару қажеттігін айтқан.
Тәртіп сақшылары Самарқан қаласында коменданттық сағат енгізілгенін жеткізген. Алайда нақты қандай заң бойынша енгізілгенін түсіндіре алмаған. Не үшін ұстап жатқандарын да айтпаған. Содан жанжал шыққан. Полицейлер әріптестерін шақырып, сосын электрошокер қолданған.
Өзбекстанның ішкі істер министрлігі жариялаған ақпаратқа сәйкес, 21 мамырға қараған түні Самарқан ішкі істер басқармасының патрульдік қызметі Мирзо Улугбек көшесінде туристерді тексеру кезінде кәсіби этика нормаларын өрескел бұзған.
"Олар қызмет бабын теріс пайдаланып, арнайы техникалық құралдарды қолданған. Қазіргі кезде ішкі істер министрлігінің жеке қауіпсіздік қызметі прокуратура органдарымен бірге қызметтік тексерісті бастады. Соның нәтижесінде заңды бұзған барлық қызметкерді жауапқа тарту және жұмыстан шеттету туралы шешім қабылданады", - дейді министрліктің ресми өкілі.
Тәртіп бұзған полицейлердің басшылары да жауапқа тартылады.