Өзбекстан 1 қазанға дейін Қазақстанға 16 млрд текше метр су жібереді

0
86

Сондай-ақ, өзбек тарапы биыл суару маусымында «Достық» каналы арқылы тұрақты су беруді қамтамасыз етуге көмектеседі.


Өзбекстан 1 қазанға дейін Қазақстанға 16 млрд текше метр су жібереді

ERNUR.KZ. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев екіжақты су ынтымақтастығын тереңдету жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 12-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, өткен су шаруашылығы маусымында (2023 жылғы қазан – 2024 жылғы қазан) Қазақстанға 15 млрд текше метр су жіберілген. Осылайша, биыл бұл көлем 1 млрд текше метрге ұлғаяды деп күтілуде. Сондай-ақ, өзбек тарапы биыл суару маусымында «Достық» каналы арқылы тұрақты су беруді қамтамасыз етуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, министрлер мемлекетаралық каналдарда бірлескен жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаласты. Бұл Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Жизақ облысының шаруаларына су беру сапасын жақсартады.

«Кездесуде талқыланған тағы бір тақырып Сырдария өзенінде суды есепке алуды автоматтандыру мәселесі болды. Осыған дейін біз есеп жүйесі орнатылатын алғашқы 10 нүктені анықтадық. Әр елдің аумағында 5 нүктеден. Бүгін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін техникалық тапсырманы келістік. Ақпан айында ортақ іс-қимылды талқылау үшін халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлескен жұмыс тобының кездесуі өтеді», – деді Нұржан Нұржігітов.