Пәк студенттер тізімі: шулы оқиғаға қатысты ҚазҰУ түсініктеме берді

0
597

Аталған дерек бойынша университетте қызметтік тексеру тағайындалған.


Пәк студенттер тізімі: шулы оқиғаға қатысты ҚазҰУ түсініктеме берді

ERNUR.KZ. «Qumash» телеграм-каналында жарияланған студенттердің тізіміне қатысты ақпаратқа орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жоғары оқу орны өкілдерінің айтуынша, аталған тізімді медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері жіберген.

«2024 жылғы 6 ақпанда университетке келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсететін «Smart Health University City» ЖШС медбикесі What’s app мессенджері арқылы механика-математика факультетінің флюорографиялық зерттеуден өтпеген 3-4 курс студенттерінің Excell форматындағы құжаттарын факультет деканатының маманына жіберді. Алайда берілген құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен басқа, медициналық құпияға қатысты мәліметтер де болған. Кейіннен университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтер мессенджерлер арқылы тарап кеткен», - делінген хабарламада.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы факт бойынша 2024 жылғы 14 ақпанда университетте қызметтік тексеру тағайындалды.

«Сонымен қатар Алматы қаласының прокуратурасына осы факт бойынша прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдауды және студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап өтініш жолданды. Университет «Smart Health University City» ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастыруда», - делінген хабарламада.

Бұған дейін жазғанымыздай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеке деректерді, әсіресе медициналық сипаттағы деректерді беру заңбұзушылық екенін айтқан болатын.