Павлодарда баласымен кетіп бара жатқан әйелдің басына әлдекімдер мұз лақтырған

0
64

Қала тұрғыны үш жасар қызымен бірге дүкенге бара жатқан.


Павлодарда баласымен кетіп бара жатқан әйелдің басына әлдекімдер мұз лақтырған

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Павлодарда 25 жастағы әйел тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан құлаған заттан басынан ауыр жарақат алды. Болжам бойынша, ол мұз кесегі болуы мүмкін, деп жазады ulysmedia.kz.

Оқиға 8 шілде күні сағат 12:30 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, қала тұрғыны үш жасар қызымен бірге дүкенге бара жатқан. Сол сәтте оның басына жоғарыдан ауыр зат түскен.

Қатты соққыдан кейін әйел басын ұстап, отыра кеткен. Ал баланың арбасы еңіс жолмен төмен қарай сырғып кеткен. Қатты ауырсыну мен қан кетуге қарамастан, анасы арбаның соңынан жүгіріп барып, оны тоқтатып үлгерген. Осылайша баласын қауіптен аман алып қалған.

Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған миының шайқалуы мен басының жұмсақ тіндерінің жарақаты деген диагноз қойған. Әйелдің басына алты тігіс салынған.

Куәгерлердің сөзінше, зат балконнан немесе терезеден лақтырылған болуы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша, оны бала лақтыруы ықтимал. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Оқиға қоғам арасында кеңінен талқыланғаннан кейін Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, зерттеді, куәгерлерден жауап алынды. Бейнежазбада заттың жәбірленушінің үстіне құлаған сәті тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, осы іске қатысы бар адамды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облысы ПД өкілдері.

Полиция қылмыстық іс денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қозғалғанын және ол Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Кінәлі адам әзірге анықталған жоқ.