Оқиғаға 12 жастағы кәмелетке толмаған баланың абайсызда қатысы бар екені анықталды.
фото: Sputnik / Kirill Kallinikov
ERNUR.KZ. Павлодарда әйелдің басына мұз құлап, оның денсаулығына едәуір залал келтірілді, деп жазады sputnik.kz.
Жедел-тексеру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады.
"Оқиғаға 12 жастағы кәмелетке толмаған баланың абайсызда қатысы бар екені анықталды. Айтуынша, ол балконда мұзды сындырмақ болғанда абайсызда қолынан түсіп кетіп, өтіп бара жатқан әйелдің басына түскен", - деп жазылған хабарламада.
Болған оқиғадан шошынған балалар болған жайды үлкендерге айтпай, жасырып қалған.
Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қыздың ата-анасы болған жағдайды толық мойындап, өкініш білдірді.
Полиция ата-аналарды балаларына қауіпсіз мінез-құлық ережелерін жүйелі түрде түсіндіруге және басқалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алуға шақырды.


