​Павлодарда жүрегіне төрт сағат бойы ота жасалған нәресте үйіне оралды

0
1 461

Бұл – алғашқы тәжірибеміз. Операция барысында бала ағзасының температурасын төмендетіп, жүректегі қан айналымын тоқтаттық. Земфираның өмірі үшін төрт сағат бойы күрестік, - дейді дәрігер.


​Павлодарда жүрегіне төрт сағат бойы ота жасалған нәресте үйіне оралды

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінің кардиохирургтері шетелдік әріптестерімен иық тірестіре алатындарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақ желеңділер жүрегіне аса сирек диагноз қойылған нәрестеге төрт сағат бойы ота жасады. Жеті айлық семейлік қыз бала үйіне оралды, деп жазады Baq.kz.

Бір ай бұрын Земфира Трофимованың халі күрт нашарлап кеткен. Дабыл қаққан ата-аналары Семейдегі ауруханалардың біріне барып, жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізген. Мамандар қыз баланың туа біткен сырқаты барын айтып, өміріне еш қауіп жоқ екенін жеткізіпті. Алайда баланың жағдайы нашарлай берген.

«Алдымен демікпе пайда болып, кейін салмақ қосуды тоқтатты. Көңіл-күйі болмай қалды. Күндердің күнінде қаламызға павлодарлық кардиохирургтер келіп, пациенттерді қабылдады. Біз де жұрттан қалмай, тексерілдік. Нәтижесінде қызымның жүрегіне сирек кездесетін диагноз қойып, жедел түрде хирургиялық әрекет ету шешімі қабылданды. Біз Павлодарға келіп, ота жасаттық. Міне, екі апта жансақтау бөлімінде жатып, емделіп шықтық. Үйде әкесі Юрий мен ағасы Шыңғыс күтіп отыр. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз», - дейді анасы Динара Төребаева.

Земфира - Трофимовтар отбасындағы екінші бала. Динара Төребаева арағы 20 жыл салып екінші рет құрсақ көтерген.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы туа біткен жүрек сырқаты бөлімінің меңгерушісі Тимур Райымхановатың айтуынша, бұл жүрек ауруы жаңа туған балалардың 0,2%-да ғана кездеседі.

«Елімізде орташа есеппен 3000 бала дүниеге келсе, осындай сирек патология бір-екі нәрестеде ғана анықталады. Оны анықтау үшін кешенді жоғары мамандандырылған медициналық тексеріс қажет. Бірегей операция кешенді түрді бірінші рет өткізілді. Бұл – алғашқы тәжірибеміз. Операция барысында бала ағзасының температурасын төмендетіп, жүректегі қан айналымын тоқтаттық. Земфираның өмірі үшін төрт сағат бойы күрестік», - дейді дәрігер.

Қазіргі таңда кардиологиялық орталықта жүрек операцияларының 50 түрі жасалады. Мамандар кешен ашылғалы бері көптеген отаны орындаудың әдіс-тәсілдерін меңгерген. Мамандар Латвия, Израиль елдерінде болып, тәжірибелерін молайтқан.

«Алты жылдың ішінде 25 инновациялық технология енгізіліп, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стардарттарына сәйкес коронаграфиялық зерттеулер жүргізілуде. Осы уақыт аралағында 19 мыңнан астам адам емделіп, жазылып кетті. Біз ересектер мен 700 грамдық нәрестелердің де жүрегін емдейміз. Озық технологиялар мен құрал-жабдықтар бар», - дейді мамандар.

Айта кетейік, орталықта алты жылдың ішінде 15 мыңнан астам операция жасалды. Олардың 700-і нәрестелердің туа біткен жүрек сырқатын емдеуге бағытталған. Бүгінде өңірде бірнеше емдеу мекемесі шоғырланған тұтас кардиохирургиялық кластер бар. Емделушілердің қатарында шетелдік азаматтар баршылық. Бұл өз кезегінде медициналық туризмді дамытуға жол ашпақ.