Праймериз: Әлеуметтік желіде белсенді болған үміткерлердің не үшін жеңілгені белгілі болды

0
652

Праймеризге ұзын саны 10 990 кандидат қатысқан және оның 7 143-і өзін-өзі ұсынған. Үміткерлердің орташа жасы – 43. Оның 36,7% астамы – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар болды.


Праймериз: Әлеуметтік желіде белсенді болған үміткерлердің не үшін жеңілгені белгілі болды

ERNUR.KZ. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров «Праймериз әділ өтпеді» деген пікірлерге жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Праймериз өзінің рөлін толыққанды орындады. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек, бұл Праймериз Қазақстанның бүкіл әлеуметтік, экономикалық немесе қоғамдық-саяси мәселесін шешіп тастайтын әдіс-тәсіл емес. Праймериз – елімізде демократияның алғышартын жасауға арналған ең негізгі бірінші қадам. Әрине, бірінші қадам болғандықтан, онда көптеген кемшіліктер, шалыс қадамдар болады және бола береді», - деді саясаттанушы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Спикер әлеуметтік желіде белсенді болған үміткерлердің не үшін жеңілгенін түсіндірді.

«Мен өзім әлеуметтік желіні қолданамын, онда өз ойымды ашық жазамын. Бірақ біздің елімізде әлеуметтік желіні пайдалану мен нақты саяси процесс - екі бөлек нәрсе. Әлеуметтік желіде 10-20 мың оқырманы бар немесе мыңдаған лайк жинайтын азаматтар қоғамдық процеске келгенде жеңіліп қалуы ықтимал. Өйткені, қазір электорат дауыс береді. Ал енді «Nur Otan» партиясының электораты – дәстүрлі түрде мұғалім, дәрігер және ірі кәсіпорындардың жұмысшылары, солардың инженерлік құрамы. Ол кісілер әлеуметтік желіде отырмайды. Сондықтан, әлеуметтік желіде көп жұмыс істеген азаматтар өз күшін осы нақты мұғалімдер мен дәрігерлермен жұмысқа жұмсауы керек еді. Біз осыны түсініп, лига бір ай бойы Қазақстандағы көптеген жастарға саяси технологияны қалай жүргізу керектігі туралы семинар өткіздік. Мен өзім сабақ бердім. Соған қатысқан көптеген азаматтар жеңіп кетті. Яғни, бүгінгі таңда праймериз дегеніміз – ең алдымен жоба. Бұдан кейін де көптеген жобалар бола береді. Әрине, біраз кемішіліктер болды. Көптеген адамдар тікелей халық дауыс береді деп ойлап, әлеуметтік желіде жұмыс істеді», - деді Е. Саиров.

Сонымен бірге, саясаттанушы ішкі сайлауда жеңбеген азаматтарға үндеу жасады.

«Саясатпен айналысу – өмір бойғы процесс. Бүгін жеңіледі, ертең жеңеді. Біздің алдымызда электоралдық цикл тұр. Парламент пен Мәжіліс өткен соң, жазда ауылдық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлауы болады. Меніңше, қазіргі азаматтық Праймеризге қатысу – сол әкімдік сайлауға үлкен дайындық болуы керек», - деді Ерлан Саиров.

«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбай «Праймериз 2020» ішкі партиялық іріктеуінің негізгі қорытындысын баяндады.

Оның айтуынша, праймеризге ұзын саны 10 990 кандидат қатысқан және оның 7 143-і өзін-өзі ұсынған. Үміткерлердің орташа жасы – 43. Оның 36,7% астамы – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар болды.