Presight компаниясы Астанада өңірлік кеңсесін ашты

0
170

Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы негізгі бастамаларды іске асыру мақсатында Presight компаниясы Астанада кеңсе ашып, елдегі жобаларды қолдап, операциялық қызметін кеңейтуде.


Presight компаниясы Астанада өңірлік кеңсесін ашты

ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа кеңсе Presight компаниясының БАӘ-ден тыс шетелдік өкілдігі болып табылады және Орталық Азиядағы өңірлік хаб ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта кеңседе 40-тан астам қазақстандық маман еңбек етуде, бұл жергілікті кадрларды дамыту мен елдің цифрлық трансформациясына компанияның қосқан үлесін көрсетеді.

Presight жобалары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайта түсуде. Астанадағы Alem.AI орталығы базасында елорда инфрақұрылымының зияткерлік өзегіне айналатын ахуалдық орталық құрылады. Бұл заманауи платформа энергетика, қоғамдық қауіпсіздік және қалалық инфрақұрылымды басқару сияқты негізгі салаларда интеллектуалды мониторинг пен шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.

«Астанада кеңсе ашу – Presight-тің халықаралық кеңеюіндегі маңызды кезең. Қазақстан – Presight өз қызметін БАӘ-ден тыс бастаған ел. Бұл елдің цифрлық трансформациясын қолдауға және жасанды интеллект дамуына деген берік ұстанымымызды білдіреді. ЭКСПО аумағындағы шетелдік кеңсеміз Қазақстанның стратегиялық көрегендігіне, көшбасшылығына және адами капиталына деген сенімімізді көрсетеді. Жергілікті сараптаманы дамытып, елдің ақылды және технологиялық болашағына үлес қосатынымызға қуаныштымыз», – деді Presight бас директоры Томас Прамотедхам.

Астанадағы «ақылды қала» жобасы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады және цифрландырудың жаһандық деңгейдегі үлгісіне айналады. Жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, қалалық инфрақұрылымды нақты уақыт режимінде тиімді басқаруға, тұрақты энергия тұтынуға және азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған сервистерді дамытуға бағытталған. Жобаның 60%-ы қазақстандық жеткізушілердің қатысуымен жүзеге асады, бұл жергілікті бизнестің белсенділігін және ел экономикасына қосқан үлесін айқындайды.

Анықтама

Presight – Абу-Даби қор биржасында (ADX) тіркелген, мажоритарық акционері G42 – бұл БАӘ-де орналасқан жетекші технологиялық топ. Presight – жасанды интеллект технологияларына негізделген үлкен деректерді талдау саласындағы жаһандық көшбасшы. Компания экономикалық дамуға және қауіпсіз, салауатты және тұрақты қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету үшін AI, аналитика және әртүрлі деректерді түсіндіру саласындағы сараптаманы біріктіреді. Генеративті AI негізіндегі шешімдер желісінің көмегімен Presight мемлекеттік және жеке ұйымдарға AI стратегияларын тезірек жүзеге асыруға және маңызды нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.