Президент Ақтау айлағында "контейнерлік хаб" ашуды ұсынды

0
437

Мемлекет басшысы аймақтың негізгі мәселелерінің бірі ретінде – су ресурстарымен қамтамасыз ету деп есептейді.


Президент Ақтау айлағында

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысты. Қазақстан Президенті Орталық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыруға бағытталған экономика, сауда, мәдениет салалары бойынша бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook -тегі парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысы аймақтың көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін және Ақтау айлағының базасында «контейнерлік хаб» ашуды ұсынды. Президент өз сөзінде Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту елдеріміздегі ішкі жалпы өнімді 15 пайызға арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті», делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың негізгі мәселелерінің бірі ретінде – су ресурстарымен қамтамасыз ету деп есептейді. Оның айтуынша, мәселелерді суды тең дәрежеде пайдалану, тараптардың мүдделерін ескеру, өзара міндеттерді іске асыру қағидатына сүйене отырып шешу қажет.
«Су – Орталық Азия елдерінің арасына сына қағатын емес, керісінше, біріктіретін ресурс болуы керек», –деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жұмыс сапары аясында Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Тараптар екіжақты стратегиялық ынтымақтастықтағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің перспективаларын айқындады.