Мемлекет басшысы Астананы абаттандыру мәселесіне назар аударды.
ERNUR.KZ. Үкіметте Астананы дамытуға арналған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы абаттандырудың сапасын сынға алды, деп жазады zakon.kz.
"Көгалдандыру құрылыс қарқынына сәйкес жүргізілуі керек. Негізінде Торонтода, Оттавада климаттық аймақ Астанамен сәйкес келеді. Олар көркі көз тартатын жасыл қалалар. Біз Канаданың тәжірибесін пайдалануымыз керек. Мұнда құрылыс жүргізушілердің өзін белсенді түрде тарту қажет. Осы тәжірибені пайдалануымыз керек. Германияда тіпті "Көгалдандыру кодексі" қабылданды, ол бойынша құрылыс салушы құрылыс алаңына тең келетін жер учаскесін көгалдандыруға міндетті", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жарты жыл бұрын Астана әкімдігіне Астананы бес жылдың ішінде бақ қалаға айналдыруды тапсырғанын еске салды. Бірақ бұл бағытта нақты қадамдар аз.
"Сіздің кеңесшіңіз болып тәжірибелі маман Ерлан Нысанбаев тағайындалды. Ол бұл тапсырманы орындай алады деп сенейік. Елорданы кең көлемде көгалдандырудағы алғашқы нақты нәтижелерге биылғы жылы қол жеткізу керек. Когалды суару әлі де ескі әдіспен жүргізілуде, тамшылатып суару қолданылмайды. Біз жұмыс тәсілін өзгертуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір елордада бағасы удай қымбат шұғыл маусымдық жұмыстарға баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Бұл бюджетті шығындайды. Қаланың сыртқы келбетін бұған қоса бей-берекет жарнамадан туындаған "визуалды шу" айтарлықтай бұзады. Бұл мәселені де шешу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Үкіметке әкімдікпен бірлесе отырып, елорданың келбеті мен көріктендіру мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін қажетті нормалар мен ережелерді әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте Астананың жаңа Бас жоспарында қала дамуының тұтас және теңгерімді көрінісі ұсынылуға тиіс", – деп түйіндеді сөзін президент.
Бұған қоса Мемлекет басшысы кеңесте қаладағы құрылыс сапасына, саладағы түйіткілді мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.