Президент Батырбаевты үтік басып азаптағандарға қандай жаза қолданылатынын айтты

0
456

​Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп күдікке ілініп, қамауға алынған Азамат Батырбаевты полицейлердің азаптағаны туралы ақпарат тараған.


Президент Батырбаевты үтік басып азаптағандарға қандай жаза қолданылатынын айтты

ERNUR.KZ. QAZAQSTAN арнасына сұхбат берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты пікір білдірді, деп жазады Экспресс К.

"Адамдардың құқықтарының қорғалуына байланысты өзіңіз айтып өттіңіз. Енді осыған тоқталайық. Күлбілтелемей бірден айтсақ, бұл азаптау фактілері туралы. Мысалы, әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты жазбаларды өзіміз де көрдік. Осыдан хабардарсыз ба?", — деп сұрады журналист Жайна Сламбек.

Президент азаматтар өзінің атына бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатқанын жеткізді.

"Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кеткенін жеткізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрғанын айтты.

"Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір дерек бойынша шаралар қабылданады", - деді мемлекет басшысы.