Бір айдың ішінде «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары браконьерлермен күресу бойынша теориялық және практикалық арнайы оқудан өтетін болады.
ERNUR.KZ. Браконьерлікпен күресті күшейту үшін Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтілетін болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі қайғылы оқиғадан соң, Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтіледі. Министрлік браконьерлермен күресу үшін, заң жүзінде нақты қадамдарды қолға алады. Мұндай орны толмас қайғылы оқиғалар қайталанбауы қажет», - деп жазды ведомство басшысыTwitter-де.
Сондай-ақ оның айтуынша, бір айдың ішінде «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары браконьерлермен күресу бойынша теориялық және практикалық арнайы оқудан өтетін болады.
Бұған дейін М.Мырзағалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың жақындарына көңіл айтып, оның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлім еткен болатын.
«Қаныш Нұртазиновтың туыстары мен жақындарына өз атымнан және министрлік атынан қайғыра көңіл айтамын. Инспектордың артында қалған бес баласы мен отбасына барлық көмек көрсетіледі. Марқұмның жерлеу шараларын өз қолымызға аламыз», - деді ол.
Сондай-ақ министр жараланған инспектор Самат Оспановтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.