Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қорын өз бақылауына алады.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек заңсыз, лицензиясыз жұмыс істейтін медициналық ұйымдар уәкілетті органның талабын орындамаса, айыппұл төлеп қана қоймай, сот арқылы қызметін тоқтататынын мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Мәжілісте екінші оқылымда қаралатын МӘМС туралы заң жобасына депутат Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов маңызды норма енгізген. Енді МӘМС қорының қызметін Денсаулық сақтау министрлігі қадағалайды.
«Кезінде 2014, 2016-2018 жылдары Doing Business рейтингіне ілігу үшін Денсаулық сақтау министрлігінен барлық қадағалау функциясын алып тастаған. Соның кесірінен медициналық ұйымдар аяғын салбыратып басқа шығып кеткен. Лицензиясыз медициналық қызмет атқарады, «приписка» жасайды, қажет десеңіз, ақша ұрлайды, жейді. Әрбір заңсыз қызмет атқаратын медициналық ұйымның артында үлкен шенеуніктер, жемқор шенеуніктер, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері тұр. Сондықтан біздің Мұрат Әбеновпен ұсынысымызды жұмыс тобы толығымен қолдады. Президент әкімшілігі, Үкімет, Бас прокуратура, Әділет министрлігі де қолдады», - деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында Azattyq Rýhy тілшісіне.
Осылайша, оның айтуынша, МӘМС жүйесіндегі «припискалар» жойылады.
«Приписка» анықталса немесе заңсыз медициналық қызмет атқарған болса, бұрын тек қана айыппұл төлеп, заңсыз қызметін жалғастыра беретін. Енді айыппұлмен шектелмейміз, біз медициналық қызмет ұйымының жұмысын тоқтатамыз. Ал егер уәкілетті органның нұсқауын орындамаса, біз сот арқылы толығымен барлық рұқсат құжаттамаларын алып қоямыз да, жұмысын мәжбүрлі түрде сотпен тоқтатамыз», - деп түсіндірді мәжілісмен.
Базарбектің айтуынша, қазір депутаттар Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылы бекітілген 321 бұйрығына өзгерістер енгізіп отыр. Оған сәйкес, медициналық ұйым жалған есеп бергені анықталса, материалдар бірден құқық қорғау органдарына жіберіледі.