Прокурор Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

0
409

Ол сондай-ақ Біртановтан және оның орынбасары Әбішевтен 1 млрд 548 млн 136 мың 575 теңгені теңдей өндіруді ұсынды.


Прокурор Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

ERNUR.KZ. Прокурор Бауыржан Шекенов соттағы жарыссөз кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынын айыруды сұрады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым сала отырып, 6 жылға бас бостандығынан айрыу жазасын тағайындауды ұсынамын. Жазаны өтеу режимін қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өткерсін. Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан күзетпен қамауға ауыстыру қажет. Жазаны өтеу мерзімін үкім заңды күшіне енген күнінен бастап есептеуді ұсынамын. Біртановтың қамаудағы мерзімі 2020 жылдың 30 қазанынан 2020 жылдың 6 қарашасына дейінгі, сондай-ақ, үкім шығарылған күннен заңды күшіне енгенге дейінгі кезеңдердің қамаудағы бір күні жазаны өтеудің 1,5 күні ретінде есептелуі керек», - деді прокурор.

Ол сондай-ақ Біртановтан және оның орынбасары Әбішевтен 1 млрд 548 млн 136 мың 575 теңгені теңдей өндіруді ұсынды.

Біртановтан санитарлық авиация бортын пайдалануға кеткен шығынның өтеуі ретінде 5 млн 503 мың теңге өндірілуі керек деп санайды айыптаушы.

Сондай-ақ, прокурор бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевті 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Әбішев Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынамын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу режимі тағайындалсын. Әбішевке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауға алу жазасына ауыстырылсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Әбішевті қамауда ұстау уақытының 2020 жылғы 1 тамыздан 2020 жылғы 6 қарашаға дейінгі, сондай-ақ, үкім шығарылған күннен бастап оның заңды күшіне енгенге дейінгі 1 күні жазаны өтеудің 1,5 ретінде есептелсін. Әбішевті үйқамақта ұстау уақытының 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үкім шығарылған күнге дейінгі бір күні жазаны өтеудің 2 күні ретінде есепке алынсын», - деді айыптаушы.

Еске салайық, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке Ericsson Nicola Tesla компаниясының қызметін пайдалану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгенің шығыны келтірді деген айып тағылып отыр.