"Сағатына 174 шақырым": Желіде боксшы Санжар Тәшкенбайдың жоғары жылдамдықпен көлік айдаған видеосы тарады

0
222

Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, боксшыны сынның астына алды.


фото: Видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың көлікті жоғары жылдамдықпен айдаған фотосы тарады, деп жазады stan.kz.

Спорт журналисі Аслан Каженов боксшының іс-әрекетін жеке парақшасында сынады.

“Жігіттер, жерге түсіңдер! Боксшыларды өте жақсы танимыз. Барынша ақпараттық қолдау танытып жүрміз. Бірақ артық кетіп бара жатса, сынап та алатыным бар. Бүгін ұлттық құрама өкілдері Шымкентте өзара бас қосып, көлікпен сауық құрған видео жарияланды. Әсіресе, Санжар Тәшкенбай тізгіндеген темір тұлпардың сағатына 174 шақырыммен кетіп бара жатқанын көріп шошыдым. Шошыдым әрі алаңдадым. Сонша қайда асықтыңдар және осындай видео жариялаудың қажеті қанша?! Жігіттер, иә чемпионсыңдар. Халық та соны бағалап, аузынан жырып барын беріп жатыр. Бірақ сый-құрметті көтере білу керек. Қарапайым адамдар жылдамдықты алпыстан асырса айыппұл арқалап, төлей алмай қиналады. Ал мына жерде — 174! Екіншіден, қауіпсіздік. Жолда небір жағдай болады. Құдай сақтасын, әрине. Өздеріңді де, өзгені де қауіпке тікпеңдер. Сәл жерге түсіңдер. Керісінше, көпке үлгі болуларың керек. Сәттілік!”, — деп жазды журналист.

Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, боксшыны сынның астына алды.

“Көлік апаты осындайдан болады”, “Осылардың кесірінен қаншама адам өліп кетіп жатыр”, Білгендерін істеп жүр”, “Чемпион інілерімізді біздің балаларымыз да әлеуметтік желілер арқылы бақылап отыр. Болашақ ұрпаққа үлгі болатын әрекеттермен мақтанайық”, – деп жазды көпшілік.