Жоба аясында ұзындығы 2,5 шақырым болатын серуен жолын, жағажай аймағын, балалар мен спорт алаңдарын, велосипед және скейтпарктерді салу көзделген.
ERNUR.KZ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Сайран су қоймасы аймағын көркейту жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады inform.kz.
Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, жоба аясында ұзындығы 2,5 шақырым болатын серуен жолын, жағажай аймағын, балалар мен спорт алаңдарын, велосипед және скейтпарктерді салу көзделген. Сонымен қатар санитарлық аймақтар, полиция мен құтқару бекеттері де қарастырылған.
Қала басшысына өзінің тапсырмасымен жүргізілген қала кеңістігін қолжетімді етуге бағытталған жұмыстар туралы баяндалды. Атап айтқанда, Төле би көшесі бойында жағалаудан тротуарға шығатын өткел жасалған, ал Абай көшесі жағынан пандус орнатылған. Жұбанов көшесінің ең тік бөлігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жедел саты салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, Варламов көшесі жағынан жасыл желекке зиян келтірмей, балалар арбасына арналған асфальт жол төселіп жатыр.
Жұмыс барысында қосымша инженерлік және ландшафтық шешімдер қабылдау қажеттігі туындаған. Бұл жобаның сапасын арттырады, бірақ құрылыс мерзімін сәл ұзартады.
Осыған дейін Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары 90 пайызға орындалғаны туралы жазғанбыз.