“Салдары болатынын ескерттік“: СІМ қазақстандықтардың АҚШ-тан депортациялануы туралы

0
136

АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының (ICE) деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша депортация тізімінде 369 қазақстандық болған.


“Салдары болатынын ескерттік“: СІМ қазақстандықтардың АҚШ-тан депортациялануы туралы

Фото ©️ Tengrinews.kz

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қазақстандықтардың АҚШ-тан депортациялануы туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының (ICE) деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша депортация тізімінде 369 қазақстандық болған. Сенат кулуарында журналистер министрдің орынбасары Әлібек Бақаевтан осы жайтқа қатысты пікір сұрады.

"Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына заңсыз жүргенін жариялап, штат аумағынан еркін кетуге мүмкіндігі бар екенін ескертті. Салдары болатынын ескерттік", - деді Бақаев.

Министрдің орынбасары мәжбүрлі депортация жағдайында қазақстандықтарға қандай шектеулер төнуі мүмкін екенін айтты.

"АҚШ аумағына кіру жабылады. Тағы қандай шаралар қолданылатынын білмеймін, бұл - штаттың саясаты, сондықтан ерікті түрде кету бұған дейін де болды және солай болып қала береді деп ойлаймын. Мұндай мүмкіндік Қазақстан азаматтары үшін де бар. Бұл мүмкіндікті пайдаланбайтындар мәжбүрлі депортацияға ұшырауы мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 369 қазақстандықты депортациялау туралы ICE деректерінің АҚШ-тың жаңа көші-қон саясатына еш қатысы жоқ.

"Ақпаратты тексеру кезінде Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялағаны анықталды. Депортация - адамды бір мемлекеттен мәжбүрлеп шығару. Депортация - әр мемлекетте күн сайын өткізілетін, күнделікті іс-шаралар. Сондықтан ел билігі мұндай жағдайлар туралы елшілікке немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес", - деп түсіндірді Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін мигранттарға қарсы рейдтер басталатыны хабарланды.

Алғашқы рейдтер Чикагода, кейін Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Денверде және Майамиде өтетіні айтылды. Бұрын қылмыс жасаған адамдарға ерекше назар аударылмақ. Бұған АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылауының 200-ге жуық қызметкері қатысады.

Кейінірек АҚШ-тағы елшілік қазақстандықтарға ереже қатаңдағанын ескертті.