Биыл тамыздан бастап Қазақстанда әлемге әйгілі брендтің теледидарлары мен кір жуғыш машиналары шығарылады.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
ERNUR.KZ. Енді қазақстандықтар елде құрастырылған Samsung компаниясының тұрмыстық техникасын сатып ала алады, деп жазады stan.kz.
Биыл тамыздан бастап Қазақстанда әлемге әйгілі брендтің теледидарлары мен кір жуғыш машиналары шығарылады. Тұрмыстық техниканы Қарағанды облысы Сарань қаласындағы "Silk Road Electronics" ЖШС өндіреді. Үкіметтің мәліметінше, зауыт Samsung компаниясымен тиісті келісімге қол қойған.
“Silk Road Electronics” кәсіпорны екі жыл ішінде 270 мыңнан астам тұрмыстық техника өндірген. Олардың қатарында теледидарлар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, ас үйге арналған сорғыштар және басқа да өнімдер бар. Бұл техника Қазақстан нарығында да, ТМД елдерінде де үлкен сұранысқа ие.
“Samsung компаниясымен кооперация – біз үшін үлкен даму кезеңі. Өткен жылы біз ірі тораптық жинақтаудан ұсақ тораптық құрастыруға көштік. Қазір өндірісіміз толық циклді және жоғары деңгейде локализацияланған. 2026 жылы штамптау цехын іске қосамыз. Келесі жылдың ортасынан бастап барлық технологиялар іске қосылып, локализация деңгейі одан әрі артады. Алдағы жоспарымыз – шетелдік нарыққа шығу және өнім түрлерін көбейту, – деді "Silk Road Electronics" ЖШС директоры Александр Критский.
Оның айтуынша, қазір зауытта шамамен 300 адам жұмыс істейді. 2028 жылға қарай қызметкерлер санын 1100 адамға дейін көбейту жоспарда бар.